Денсаулық

Жезқазғандағы облыстық аурухана жаңартылуда

Ұлытау облысының басты медициналық мекемесі – Жезқазған қаласындағы облыстық көпбейінді ауруханада ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба қазіргі ғимаратты күрделі жөндеуді, заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуді және аурухананы одан әрі кеңейтуді қамтиды.

Аумағы 24 мың шаршы метрден асатын тоғыз қабатты ғимаратты күрделі жөндеу жұмыстары 2025 жылы басталған. Қазіргі таңда 6, 7, 8 және 9-қабаттарда жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал 5-қабаттағы жұмыстар аяқталу сатысында. Жаңғырту барысында палаталар, операциялық блоктар, инженерлік желілер және басқа да медициналық бөлмелер заманауи талаптарға сай қайта жабдықталуда. Сонымен қатар ауруханаға іргелес аумақты абаттандыру жоспарланған. Жөндеу жұмыстарын 2027 жылы толық аяқтау көзделіп отыр. Жобаның жалпы құны 4,2 млрд теңгені құрайды.

Аурухананың материалдық-техникалық базасын күшейту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Медициналық мекемеге құны шамамен 2,7 млрд теңге болатын 47 дана заманауи медициналық жабдық сатып алынып, орнатылды. Олардың қатарында томографтар, ангиограф, эндоскопиялық жабдықтар және роботтандырылған жүйелер бар. Бұл құрылғылар заманауи диагностика жүргізіп, күрделі медициналық қызмет түрлерін облыс көлемінде көрсетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар онкологиялық қызметті кеңейту жоспарланып отыр. Осы мақсатта 100 төсек-орынға арналған жаңа корпус салу көзделген. Жаңа ғимараттың іске қосылуы онкологиялық бағыттағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ауруханада медициналық кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыруға арналған заманауи симуляциялық орталық та жұмыс істейтін болады. Мұнда мамандар жоғары технологиялық манекендер, виртуалды модельдер және стандартталған пациенттер – актерлердің көмегімен тәжірибелік дағдыларын жетілдіреді.

Медициналық қызмет түрлерін кеңейту бағытында пульмонология, кардиология және госпитальдық фармация бөлімшелері ашылды. Алдағы уақытта гастроэнтерология және ревматология бөлімшелерін іске қосу жоспарланған.

Кадрлық әлеуетті арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы үш жылда ауруханаға 36 тәжірибелі және жас маман тартылды. Бұл медициналық қызмет сапасын арттырып, жаңа технологияларды тиімді енгізуге мүмкіндік береді.

Жаңғырту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін Жезқазғандағы облыстық көпбейінді аурухана заманауи медициналық орталыққа айналмақ. Нәтижесінде Ұлытау облысының тұрғындары өңірден тыс жерлерге бармай-ақ, өз облысында жоғары технологиялық және сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік алады.

Back to top button