3 қыркүйек – Қазақы тазы күні

Бүгін Қазақстанда алғаш рет Қазақы тазы күні аталып өтуде. Ұлттық тұқымға арналған бұл дата 2026 жылы еліміздің мерекелік күндер тізбесіне ресми түрде енгізілді.
Қазақы тазы күнін 3 қыркүйекте атап өтудің өзіндік мәні бар. Дәл осы күні, 2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақы тазыны алдын ала ресми түрде танып, оның №372 тұқымдық стандартын бекітті. Сонымен қатар Қазақстан қазақы тазының шыққан елі ретінде белгіленді.
Қазақы тазы – халқымыздың ғасырлар бойғы тұрмыс-тіршілігімен, Ұлы дала мәдениетімен және дәстүрлі аңшылық өнерімен біте қайнасқан ұлттық мұра. Ол қазақ үшін аңшылықтағы серік қана емес, жеті қазынаның бірі саналған ерекше жануар. FCI бекіткен ресми сипаттамада да қазақы тазы адамның сенімді серігі ретінде көрсетілген.
Қазіргі таңда ұлттық тұқымды сақтау және дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қазақстан кинологтар одағының асыл тұқымдық жүйесінде 4 мыңға жуық қазақы тазы тіркелген. Өңірлерде тұқымды анықтау, сұрыптау, құжаттандыру, денсаулығын бақылау және тұқымдық қасиеттерін сақтау бойынша жұмыстар жалғасып келеді.
Қазақы тазының халықаралық деңгейдегі танымалдығы да артып келеді. 2026 жылы Болонья қаласында өткен World Dog Show дүниежүзілік көрмесінде қазақы тазы өкілдері жоғары нәтиже көрсетіп, әлем чемпиондары атағына ие болды. Бұл жетістік ұлттық тұқымның халықаралық беделін арттырып қана қоймай, қазақтың мәдени мұрасын әлемге танытуға жол ашады.
Мамандардың айтуынша, қазақы тазыны дәріптеу оның тарихы мен ерекшелігін насихаттаумен ғана шектелмеуі керек. Ұлттық тұқымның гендік қорын сақтау, жауапты асылдандыру жұмыстарын жүргізу, денсаулығы мен табиғи қасиеттерін қорғау – басты міндеттердің бірі.
Қазақы тазы – Ұлы даланың рухын, халқымыздың табиғатпен үндестігін және ғасырлар бойы жалғасқан ұлттық дәстүрді бойына сіңірген асыл мұра. Оны сақтау, дамыту және әлемге таныту – бүгінгі ұрпақтың ортақ жауапкершілігі.