Ұлытауға қоныс аударған азаматтарға 7 млн теңгеге дейін қолдау көрсетіледі

Ұлытау облысына еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударған азаматтарға мемлекеттік бағдарлама аясында бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Олардың қатарында жұмысқа орналастыру, баспана жалдау мен коммуналдық шығындарды өтеу және тұрғын үй сатып алуға қаржылай көмек бар.
Ұлытау облысы республикадағы еңбек күші тапшы өңірлердің қатарына кіреді. Осыған байланысты өңір қоныс аударушыларды қабылдайтын аймақтар тізіміне енгізілген. Бағдарламаның негізгі мақсаты — еңбек күші артық өңірлердегі азаматтарды маман тапшылығы бар аймақтарға ерікті түрде қоныстандыру және тұрақты жұмыспен қамту.
Қоныс аударушылар қандай көмек ала алады?
Бағдарламаға қатысушыларға бірнеше бағыт бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Ұлытау облысының ресми мәліметіне сәйкес, отбасының әр мүшесіне қоныс аударуға 70 АЕК көлемінде біржолғы субсидияқарастырылған. Сонымен қатар бір жыл бойы тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызмет ақысын өтеуге ай сайын қаржылай көмек беріледі.
Бұдан бөлек, ерікті қоныс аудару бағдарламасының жаңартылған талаптарына сәйкес, тұрғын үй сатып алуға 1625 АЕК-ке дейін тұрғын үй сертификаты берілуі мүмкін. 2026 жылғы есеп бойынша бұл 7 028 125 теңгеге дейін жетеді. Бұл қаражат қоныс аударған елді мекеннен баспана сатып алуға бағытталады.
Ұлытаудың қай аймақтарына қоныстануға болады?
Ұлытау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Құрмет Сәттібаевтың КТК телеарнасына берген мәліметінше, қоныс аударушылар Жезқазған қаласынан басқаоблыстың қала және аудандарына тартылады.
Олар — Сәтбаев және Қаражал қалалары, Ұлытау және Жаңаарқа аудандары. Өңірге әсіресе әлеуметтік және өндірістік салаларда еңбек ете алатын мамандар қажет.
Ұлытау облысының ресми ақпаратында өңірде білім беру, денсаулық сақтау, IT және телекоммуникация, мәдениет, спорт, өнеркәсіп салаларында, сондай-ақ жұмысшы мамандықтары бойынша 1000-нан астам бос жұмыс орныбар екені көрсетілген.
Қандай талаптар қойылады?
Құрмет Сәттібаевтың айтуынша, қоныс аударған азамат кемінде бір жыл жұмыс істеп, тұрақты зейнетақы аударымдарына ие болуы тиіс. Сондай-ақ бағдарлама бойынша өңірде тұрақтап қалуға қатысты талаптар қарастырылған. КТК жариялаған мәліметте қоныс аударушылардың Ұлытау облысында кемінде бес жыл тұруы қажеттігі айтылған. Талаптар орындалмаған жағдайда берілген мемлекеттік қолдауды қайтару мәселесі туындауы мүмкін.
Бағдарламаға қатысуға өтінімді Migration.enbek.kz порталы арқылы онлайн беруге болады. Бұл ақпарат Ұлытау облысының ресми ресурстарында да көрсетілген.
Дереккөздер: КТК телеарнасы, Ұлытау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.