Ертең Ұлытауда күзгі тазалық айлығы басталады
Ұлытау облысында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және аумақтарды абаттандыру мақсатында күзгі тазалық айлығы өтеді.
Тазалық жұмыстары 12 қыркүйек пен 10 қазан аралығында облыстың барлық елді мекендерін қамтиды. Осы кезеңде көшелер мен қоғамдық орындарды тазарту, аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық талаптарды ретке келтіру жұмыстары жүргізіледі.
Айлықтың алғашқы күні, яғни 12 қыркүйекте сағат 10:00-де, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпыоблыстық сенбілік ұйымдастырылады.
Шараға мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ өңір тұрғындары қатыса алады. Негізгі мақсат – елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Экологиялық бастама аясындағы жұмыстардың маңызы жоғары. Мәселен, 2026 жылдың басынан бері Ұлытау облысында 99 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 93-і немесе 93 пайызы жойылған. Қалған нысандарды жою жұмыстары жалғасып жатыр.
Күзгі тазалық айлығы – өңірдің көркін жақсартуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған ортақ іске айналмақ. Таза әрі жайлы елді мекен құру – тек арнайы қызметтердің емес, әр тұрғынның ортақ жауапкершілігі.