Кафе мен мейрамханада жасөспірімдерге жұмыс істеуге бола ма?

Ұлытау облысында кәмелетке толмағандарды қоғамдық тамақтану орындарына жұмысқа орналастыру мәселесі талқыланды. Кәсіпкерлердің өтініші Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында қаралды.
Жасөспірімдерді жұмысқа қабылдауға заңмен тыйым салынбаған. Алайда бұл үшін бірқатар талап сақталуы керек. Ең алдымен, кәмелетке толмаған адамның еңбек құқықтары қорғалуы және жұмыс беруші Еңбек кодексіндегі талаптарды орындауы қажет.
Ата-анасының келісімі болған жағдайда жасөспірім еңбек шарты негізінде жұмыс істей алады. Бұл ретте оның жасына қарай жұмыс уақыты шектеледі: 14–16 жастағы балалар аптасына 24 сағаттан, ал 16–18 жастағылар 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі тиіс. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына да шектеу бар. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, олар мұндай орындарда сағат 22:00-ден кейін болмауы керек.
Кәсіпкерлер үшін бұл талаптарды сақтау маңызды. Өйткені жасөспірімдерді жұмысқа тарту кезінде олардың еңбек жағдайы, жұмыс уақыты және қауіпсіздігі заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылуы тиіс. Отырыс барысында кәсіпкерлер көтерген мәселенің құқықтық тетіктері талқыланып, оны шешудің ықтимал жолдары қарастырылды. Мұндай мәселелер Кәсіпкерлер палатасының жанындағы кеңесте мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен бірлесіп қаралады.