Заң және тәртіп

Ұлытауда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту жұмыстары жүргізілуде

Ұлытау облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған ықпал ететін себептерді жою бағытында кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті мәлімдеді.

Соңғы екі айда департамент сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған бірқатар шараны жүзеге асырған. Соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіліп, атқарушылық іс жүргізу саласына да талдау жасалуда.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіледі. Оның барысында рәсімдер мен шешім қабылдау тетіктеріндегі ықтимал тәуекелдер анықталады.

Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту, артық рәсімдер мен негізсіз есептілікті қысқарту, процестерді цифрландыру және адам факторын азайту бойынша да жұмыстар қолға алынған.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілерге заңнамадағы өзгерістер түсіндіріліп, кездесулер мен семинарлар ұйымдастырылуда. Кездесулер барысында мүдделер қақтығысын болдырмау және белгіленген шектеулерді сақтау мәселелеріне назар аударылады.

Квазимемлекеттік сектордағы комплаенс-қызметтердің жұмысын жетілдіру де күн тәртібінде.

Мамандардың айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда басты міндет – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін оның салдарымен күресу ғана емес, оған себеп болатын жағдайларды алдын ала анықтап, жүйелі түрде жою.

Back to top button