Білім

Ұлытауда 500-ге жуық ауыл оқушысы білім олимпиадасында бақ сынап жатыр

Ұлытау облысында ауыл мектептерінің жоғары сынып оқушылары арасында білім додасы өтіп жатыр. Республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңіне биыл өңірдің әр ауданынан 472 оқушы қатысып, өз білімдері мен зияткерлік қабілеттерін сынауда.

27–31 қазан аралығында ұйымдастырылған олимпиадаға 9–11 (12)-сынып оқушылары қатысып жатыр. Байқаудың басты мақсаты – ауыл мектептеріндегі дарынды балаларды анықтау, олардың білімге деген қызығушылығын арттыру және республикалық деңгейде өңір намысын қорғауға мүмкіндік беру.

Биыл олимпиадаға қатысушылар саны айтарлықтай өскен. Өткен оқу жылында облыстық кезеңде 333 оқушы бақ сынаса, биыл олардың қатары 139-ға артып, 472-ге жетті. Бұл ауыл оқушыларының білім сайысына деген қызығушылығының артқанын көрсетеді.

Өткен жылғы олимпиаданың облыстық кезеңінде 93 оқушы жеңімпаз атанып, олардың 49-ы республикалық кезеңге жолдама алған. Ал республикалық деңгейде Ұлытау облысының оқушылары алты медаль иеленді. Оның ішінде Жаңаарқа ауданындағы Бименде Амалбеков атындағы тірек мектептің 10-сынып оқушысы Көркем Кейкова өңір тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Сонымен қатар жерлестеріміз бес қола медальға қол жеткізді.

Биылғы олимпиаданың облыстық кезеңі 31 қазанда қорытындыланады. Нәтижесінде үздік білім көрсеткен оқушылар анықталып, республикалық кезеңге қатысатын үміткерлер іріктеледі.

Back to top button