Қоғам

Жезқазғанда құбырларды жер қазбай жөндеу технологиясы сынақтан өтті

Жезқазған қаласында ауқымды жер қазу жұмыстарын жүргізбей және жол жабынын бұзбай кәріз құбырын қалпына келтіру бойынша пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылды. Заманауи технология Бейбітшілік даңғылы, 20 мекенжайындағы учаскеде сынақтан өтті, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.

Жұмыстарды «БайтерекТрубПром» компаниясы орындады. Мамандар ультракүлгін сәуле арқылы полимерлеу (UV-CIPP) технологиясын қолданып, диаметрі 400 мм болатын кәріз құбырының 30 метрлік бөлігін қалпына келтірді.

Жөндеу жұмыстары бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен мамандар құбырдың ішкі жағдайын бейнекамера арқылы тексеріп, жиналған шөгінділерден тазартты. Содан кейін құбырдың ішіне арнайы полимерлі жең орнатылды. Ол ультракүлгін сәуленің әсерінен қатайып, құбырдың ішкі бетінде берік қорғаныш қабатын қалыптастырды.

Нәтижесінде құбырдың ішкі беті қалпына келтіріліп, оны одан әрі пайдаланудың сенімділігі артты. Атқарылған жұмыстардың тиімділігі бақылау бейнетексерісі арқылы расталды.

Технологияның басты артықшылығы – жөндеу жұмыстарын ауқымды қазу жүргізбей және жол жабынын зақымдамай орындау мүмкіндігі. Бұл жұмыс уақытын азайтуға, тұрғындар мен жол қозғалысына қатысушыларға келетін қолайсыздықтарды азайтуға, сондай-ақ инженерлік желілердің қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта бұл технологияны Жезқазғанның коммуналдық инфрақұрылымындағы басқа да проблемалық учаскелерде қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Back to top button