Өңірде 389 келіден астам есірткі тәркіленді

Ұлытау облысында жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына байланысты 81 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында заңсыз айналымнан 389 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленген. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Полиция мәліметінше, биылғы жылдың 10 айында есірткіге қатысты тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азайған. Мәселен, 2025 жылы 92 дерек тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 81-ді құрады. Оның ішінде есірткіні заңсыз сақтау бойынша 62, өткізуге байланысты 10, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру бойынша 7 дерек анықталған.
Сонымен қатар тәркіленген есірткі көлемі айтарлықтай артқан. Өткен жылдың осы кезеңінде заңсыз айналымнан 136 келі 609 грамм есірткі алынған болса, биыл бұл көрсеткіш 389 келі 366 грамға жетті. Оның басым бөлігі – 387 келіден астам марихуана. Бұдан бөлек, 1 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Сондай-ақ құрамында есірткі бар 1850 түп каннабис өсімдігі анықталып, тәркіленген.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде есірткі саудасымен айналысқан үш топтың қызметі тоқтатылды. Атап айтқанда, наурыз айында облыс аумағында еліміздің оңтүстік өңірінен келген бес адамнан тұратын топ ұсталған. Олардың заңсыз әрекетіне тосқауыл қою барысында 302 келіден астам есірткі тәркіленді.
Бұдан бөлек, Қарағанды қаласынан Ұлытау облысына синтетикалық есірткі жеткізу арнасы анықталды. Осы іске қатысы бар үш адам ұсталып, заңсыз айналымнан шамамен 1,5 келі «Альфа-PVP» синтетикалық заты алынған. Ал тамыз айында есірткі саудасымен айналысқан тағы бір үш адамнан тұратын топтың жолы кесіліп, шамамен 40 келі марихуана тәркіленді. Осы үш дерек бойынша барлығы 11 адам ұсталып, оның 10-ы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қаражал қаласында құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге арналған фитозертхана да анықталған.
Заңсыз айналымға қарсы күреспен қатар өңірде нашақорлықтың алдын алу жұмыстары да күшейтілген. Есепті кезеңде облыс аумағында 1036 профилактикалық іс-шара өткізіліп, оған 52 958 адам қатысқан. Мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында дәрістер мен кездесулер ұйымдастырылып, жастарға есірткінің зияны мен оны заңсыз тарату үшін көзделген жауапкершілік түсіндірілген.
Сондай-ақ есірткі жарнамасы бар граффитилерді анықтау және жою бойынша 14 акция өткізіліп, нәтижесінде интернет-дүкендерге сілтемелер мен QR-кодтары бар шамамен 140 жазу бояумен жабылған. Акцияларға 180-ге жуық волонтер қатысқан.
Интернет кеңістігіндегі заңсыз әрекеттерге де тосқауыл қойылған. «Кибернадзор» жүйесі арқылы құқыққа қайшы контенті бар 2726 интернет-ресурс бұғатталды. Ал «Антифрод» жүйесі аясында күмәнді ақша аударымдарына қатысы бар 483 банк картасы анықталып, бұғатталған қаражат көлемі 5 миллион 33 мың 420 теңгені құраған.
Полиция департаментінің мәліметінше, есірткі қылмыстылығына қарсы іс-қимыл және оның алдын алу бағытындағы жұмыстар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жалғасады.