Басты жаңалық

Жезқазған қаласының бюджеті және инвестициялық белсенділігі өсіп келеді

Ұлытау облысы құрылғаннан кейін Жезқазған қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасты. Қаланың бюджет көлемі мен инвестиция тарту көрсеткіштері айтарлықтай артты.

Биыл Жезқазғанның өз кірістері үш есеге өсіп, 31,4 млрд теңгеге жетті. Қала бюджетінің жалпы көлемі екі есеге артып, 57,6 млрд теңгені құрады. 2022 жылы бұл көрсеткіш 26,5 млрд теңге болған еді. Облыстық бюджеттен бөлінетін даму трансферттері де 2,5 есеге өсіп, 9 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Қаражат инфрақұрылымды жаңғыртуға және әлеуметтік-экономикалық жобаларға бағытталуда.

Инвестициялар өңір экономикасының негізгі қозғаушы күшінің біріне айналды. Жыл басынан бері Ұлытау облысына 207,3 млрд теңге инвестиция тартылып, оның 68 млрд теңгесі Жезқазғанға тиесілі болды. Қаланың облыс көлеміндегі үлесі 32,8% құрады.

Өткен жылы өңірді әртараптандыру аясында құны 34 млрд теңгені құрайтын 9 жоба іске қосылды, оның бесеуі Жезқазғанда жүзеге асты. Биыл жалпы құны 138 млрд теңге болатын 17 инвестициялық жоба қолға алынды. Қалада мұнай базасы, жел электр станциясы, респиратор зауыты, геологиялық кластер және қонақ үй кешені іске қосылды. Асфальтбетон зауытының құрылысы жалғасуда.

2028 жылға дейін құны 920 млрд теңге болатын 25 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға және қаланың экономикалық әлеуетін одан әрі күшейтуге мүмкіндік береді.

Back to top button