Жезқазғанда абаттандыру қарқыны күшейді: жаңа алаңдар, жарықтандыру және инфрақұрылым

2025 жыл Жезқазған үшін абаттандыру мен көгалдандыруға басымдық берілген жыл болды. Қалада қоғамдық кеңістіктерді жаңарту, тұрғын үйлердің қасбеттерін ретке келтіру және инфрақұрылымды жетілдіру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді.
Алашахан даңғылы бойында жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылып, қаланың бірнеше бөлігінде жаңа қоғамдық кеңістіктер пайда болды. Жыл ішінде 31 жаңа балалар ойын алаңы орнатылып, тағы 8 алаң жаңғыртылды. Бұған қоса, 100 қоқыс контейнер алаңы ретке келтіріліп, 400 контейнер жаңасына ауыстырылды.
Аулаішілік жарықтандыруды арттыру шеңберінде 105 көше шамы және жарықтандыру тіректері орнатылды. «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен 40 көпқабатты үйдің қасбеті жөнделді. Сонымен қатар Б.Момышұлы көшесіндегі саябақта абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын.
Қаланың өсуі жаңа Батыс ауданын дамыту арқылы жалғасуда. Бас жоспар бойынша бұл аумақта әлеуметтік нысандар мен жаңа тұрғын үй кешендері салынбақ. Болашақта бұл аумақта 12 мыңнан астам тұрғын қоныстанады деп күтіліп отыр.
Сәулеттік және инженерлік жоспарлау аясында Батыс ауданда магистральдық жылу, су және кәріз желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қаладағы төрт ауданға арналған егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірлеу кезеңінде.