Басты жаңалықЗаң және тәртіп

2026 жылғы Салық кодексіндегі өзгерістер: берешек шекті мөлшерден асса қандай шаралар қолданылады

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2026 жылғы Салық кодексіне енгізілген өзгерістер түсіндірілді. Атап айтқанда, салық берешегі белгіленген шекті мөлшерден асқан жағдайда қолданылатын шаралар кезең-кезеңімен күшейтіледі.
Бұл туралы Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Тоқсан Мейірхан мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, талаптар заңды тұлғаларға, олардың құрылымдық бөлімшелеріне, Қазақстанда тұрақты мекеме арқылы қызмет атқаратын бейрезиденттерге, дара кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын тұлғаларға қатысты.

Егер салықтық берешек 20 айлық есептік көрсеткіштен (86 500 теңге) асса, Салық кодексінің 86-бабына сәйкес салық төлеушінің банктік шоттары мен кассасы бойынша шығыс операциялары тоқтатылады. Сонымен қатар 185-бапқа сәйкес банк шоттарындағы қаражат есебінен қарызды өндіріп алу жүргізіледі.

Берешек 45 айлық есептік көрсеткіштен (194 625 теңге) асқан жағдайда салық төлеушінің мүлкіне шектеу қойылады (87-бап). Бұдан бөлек, дебиторлық берешек есебінен өндіріп алу, мүлікті өткізу арқылы қарызды өтеу және жарияланған акцияларды мәжбүрлі шығару тәртібі қарастырылған.

Ал 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қосымша қатаң шара енгізіледі. Егер берешек көлемі 27 000 айлық есептік көрсеткіштен (116 775 000 теңге) асса, заңды тұлға басшысына, дара кәсіпкерге немесе жеке практикамен айналысатын тұлғаға Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша шектеу қойылады.

Брифинг барысында мамандар салық төлеушілерді міндеттемелерін уақытылы орындап, берешекке жол бермеуге шақырды.

Back to top button