Өрт қауіпсіздігі бақылауда

Ұлытау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жезқазған қаласында жылыту кезеңінің өту барысы және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары айтылды.
Жезқазған қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Дидар Құйқабаев атап өткендей, «Жылыту маусымы – жылдың ең өрт қаупі жоғары уақыттарының бірі. Ауа температурасы төмендеген кезде жылу жүйелері мен электр желілеріне түсетін жүктеме артып, автономды жылыту құрылғыларын пайдалану жиілейді. Осыған байланысты қалада өрт қауіпсіздігі мәселесі ерекше бақылауда», – деді.
2025–2026 жылдардағы жылу беру кезеңі басталғалы азаматтық қорғау органдары тұрғын үй секторында болған 12 өртті сөндірді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар тіркелмеген.
Өрттің негізгі себептері – электр сымдары мен жабдықтарының ақауы, тұрмыстық электр құралдарын пайдалану талаптарын сақтамау, пештерді орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, сондай-ақ отпен абайсыз жұмыс істеу.
Қауіптің алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар басқармасы профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді. Іс-шараларға «Бірлік» еріктілері, «Жастар Рухы» жастар қанаты, жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлері де тартылған. Жылыту маусымы басталғалы 887 тұрғын үй қамтылып, 2642 азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізілді, 1723 жадынама таратылды.
Сонымен қатар пешпен жылытылатын көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылар тұратын 33 үйге дербес датчиктер орнатылды. Оның ішінде 10 көміртегі тотығын анықтайтын және 23 түтін датчигі бар. Әлеуметтік желілерде де алдын алу бағытындағы бейнероликтер тұрақты жарияланып отыр.
Мамандар өрт қауіпсіздігі – әр азаматтың өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты ортақ жауапкершілік екенін еске салады.
Өрт болған жағдайда 101 немесе 112 нөміріне дереу хабарласу қажет.