БілімДенсаулық

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қосымша медициналық білім беру ұйымдарын бақылауды күшейтуде

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі медициналық мамандықтар бойынша қосымша білім беру ұйымдарының тізбесін қалыптастырудың жаңа қағидаларын бекітті. Қабылданған өзгерістер медициналық кадрларды даярлау сапасын арттыруға және білім беру алаңдарын бақылауды күшейтуге бағытталған.

Енді уәкілетті орган ұйымдардың тізбесін екі бағыт бойынша жеке қалыптастырады:
– дәрігерлерді оқытатын заңды тұлғалар үшін;
– орта буын медицина қызметкерлерін даярлайтын ұйымдар үшін.

Тізбеге енгізудің басты шарты — ұйым қызметінің түрлеріне қосымша медициналық білім беру бағдарламаларын іске асыру кіретінін растайтын құқық белгілейтін құжаттардың болуы.

Жаңа талаптарға сәйкес білім беру орталықтарының инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасына қойылатын өлшемшарттар күшейтіледі. Міндетті аккредиттеу мен бекітілген оқу бағдарламаларынан бөлек, ұйымдар келесі талаптарға сай болуы тиіс:
• білім беру қызметіне лицензия немесе ғылыми ұйым мәртебесі;
• жеке клиникалық база немесе практикалық даярлық үшін аккредиттелген медициналық ұйымдармен келісімшарт;
• заманауи симуляциялық жабдықтар, зертханалық база және компьютерлік технологиялар;
• мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасына қосылу;
• халықаралық ақпараттық дерекқорларға қолжетімділік.

Министрлік көшпелі тексерулерді қоса алғанда, ұйымдардың қызметіне тұрақты мониторинг жүргізіп, тізбені жүйелі түрде жаңартып отырады.

Жаңа нормалар білім беру орталықтарын іріктеудің ашық жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік беріп, медицина қызметкерлерінің біліктілігін тек ғылыми әлеуеті жоғары әрі толыққанды клиникалық базасы бар ұйымдарда арттыруын қамтамасыз етеді деп күтілуде. Қабылданған өзгерістер денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайтып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.

Back to top button