Заң және тәртіп

Ұлытау облысында абаттандыру талаптарын бұзған 300-ден астам азамат жауапқа тартылды

Жыл басынан бері Ұлытау облысы аумағында абаттандыру қағидаларын сақтамаған 300-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі бейнебақылау камералары арқылы анықталған. Бұл туралы Жезқазған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі хабарлады.

Қазіргі таңда өңірде 3,5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Олар қоғамдық орындарда, әлеуметтік нысандарда және көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орнатылған. Цифрлық бақылау жүйелері қаланың тазалығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауда маңызды құралға айналып отыр.

Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтар жиналатын алаңдардың санитарлық жағдайын бақылау тұрақты түрде жүргізілуде. Жезқазған қаласындағы контейнерлік алаңдарға адамның бет-әлпетін тану мүмкіндігі бар 60 бейнекамера орнатылған. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаны ластаған азаматтарды жедел анықтауға және мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, қабылданып жатқан шаралар өңірдегі тазалық мәдениетін қалыптастыруға, абаттандыру талаптарының сақталуын күшейтуге және тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Back to top button