Жезқазғанда мал ұрлығына қарсы рейдтер күшейтілді

Жезқазған қаласы Полиция басқармасы тарапынан мал ұрлығының алдын алу мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Қазіргі таңда қала аумағындағы базарлар мен мал сою пункттерінде ілеспе құжаттар мен ветеринариялық анықтамалардың болуына ерекше назар аударылып, тұрақты тексеру жұмыстары ұйымдастырылуда.
Рейдтік іс-шаралар барысында сатылымға шығарылған ет өнімдерінің заңдылығы, малдың шығу тегі, сондай-ақ ветеринариялық қауіпсіздік талаптарының сақталуы жіті бақылауға алынуда. Құқық қорғау қызметкерлері ветеринариялық қызмет өкілдерімен бірлесіп, әрбір өнімге тиісті анықтамалардың болуын тексеруде.
Мұндай шаралардың негізгі мақсаты – заңсыз мал тасымалдау мен өткізудің жолын кесу, ұрланған мал өнімдерінің нарыққа түсуіне тосқауыл қою және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге қолданыстағы заң талаптары түсіндіріліп, құжаттарды рәсімдеу тәртібі бойынша кеңестер берілуде.