Жезқазған қаласын жаңғырту жобалары таныстырылды

Жезқазғанда қаланы жаңғыртуға арналған жобалар қоғаммен талқыланды. Кездесу барысында «Жаңа құрылыс», «Кенесары», «Қостанкелді» және «Орталық» аудандарының даму бағдарламалары ұсынылды.
Жоспарланған жұмыстар тұрғын үйлерді жаңалау, әлеуметтік нысандар салу және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. «Орталық» ауданында жаңа балабақшалар, жабық бассейн және қызмет көрсету орындары салынады, ескі үйлердің орнына заманауи көпқабатты тұрғын үйлер бой көтереді.
«Кенесары» ауданында мектептер, балабақшалар, полиция ғимараты, креативті индустрия орталықтары мен сауда нысандары салынбақ. «Қостанкелді» ауданында тұрғын үй кешені кеңейіп, әлеуметтік және спорттық нысандармен толықтырылады.
«Жаңа құрылыс» ауданында қалалық емхана, балаларды оңалту орталығы мен мәдениет үйлері салынып, сумен, электрмен және газбен қамтамасыз ету жүйелері жаңартылатын болады.
Мамандар бұл жобалардың қаланың инфрақұрылымын жетілдіріп, тұрғындарға заманауи әрі қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенімді.