Қоғам
Тренд

Жезқазғанда Конституциялық реформалар талқыланды

Жезқазған қаласындағы С. Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесуі өтті.

Кездесуге ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастаған делегация қатысты. Сондай-ақ депутаттар, қоғам қайраткерлері, заңгерлер, сарапшылар және өңір тұрғындары бас қосты.

Жиында жаңа Конституция жобасында білім, ғылым, мәдениет пен инновацияны дамытуға, ұлттық бірегейлік пен тарихи-мәдени мұраны сақтауға ерекше мән берілгені айтылды. Сонымен қатар құжатта сөз бостандығына кепілдік беріліп, цензураға тыйым салынатыны атап өтілді.

Аида Балаеваның айтуынша, жаңа Конституцияда Президент өкілеттігіне де шектеулер енгізілген. Атап айтқанда, Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланады және оның жақын туыстары жоғары мемлекеттік қызметтерге тағайындала алмайды.

Кездесуде Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай, қоғам қайраткерлері Серік Ақылбай, Нұрлан Дулатбеков және Әбілғазы Құсайынов сөз сөйлеп, ұсынылып отырған өзгерістер елдегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететінін айтты.

Жиын соңында тұрғындар жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдіріп, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысу маңызды екенін атап өтті.

Back to top button