Қоғам

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы: балаларды қорғау мен қолдаудың жаңа жүйесі

Елімізде 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүйелі түрде іске асырылуда. Құжат балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, ықтимал қатерлерді алдын алуға және жан-жақты қолдау көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Қазіргі уақытта республикада 6,2 млн отбасы бар, оның 3 миллионы — балалы. Отбасыларға кешенді қолдау көрсету мақсатында 131 отбасыны қолдау орталығы жұмыс істейді. Тұжырымдама аясында некеге дейінгі кеңес беру, ata.ana.kz платформасында интерактивті курстар, «Ата-аналар академиясы» жобасын кеңейту, сондай-ақ алименттік қатынастар мен туыстардың уақытша қамқорлығын реттеу сияқты жаңа бағыттар енгізілуде. Соңғы 10 жылда балаларды қорғау саласында оң өзгерістер байқалады: жетім балалар ұйымдарындағы тәрбиеленушілер саны 54%-ға азайып, интернат желісі 24%-ға қысқарды. 2025 жылы шамамен 3 мың бала отбасыларға орналастырылған.

Балалардың қауіпсіздігін арттыру үшін білім беру ұйымдарында жасанды интеллект технологиялары енгізілуде. Бұл жүйе агрессия, жанжал немесе буллинг қаупін ерте анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Астана қаласындағы №107 мектепте пилоттық камералар орнатылып, жүйе 46 мектеп пен 8 балабақшада қолданылады.Сонымен қатар, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету үшін барлық өңірде мамандандырылған «бір терезе» кабинеттері ашылады. Мұнда психологиялық көмек, сот-медициналық сараптама және бейінді мамандардың қатысуымен барлық қызмет бір жерде ұсынылады. Жыл соңына дейін әр өңірде кемінде бір кабинет ашу жоспарланған.

Мектептерде тәуекел тобына жататын оқушыларға жеке педагогикалық-психологиялық қолдау көрсетіледі. Әр бала үшін педагогтер, психологтар және ата-аналардың қатысуымен профилактикалық жұмыс жоспары әзірленеді.Балалар жарақатының алдын алу үшін «Балалар қауіпсіздігі терезесі» республикалық акциясы өткізіледі. Алдағы уақытта mGov платформасында «Баланың жолы» цифрлық жүйесі іске қосылып, мемлекеттік қолдау шаралары бір жүйеге біріктірілмек.

2026 жылғы қаңтарда бекітілген тұжырымдама — балалардың құқықтарын қорғауға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жан-жақты дамуына арналған алғашқы бірыңғай стратегиялық құжат. Онда 158 іс-шара мен 10 негізгі индикатор көзделген.

Back to top button