Батагөйлер байқауы

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Батаменен ел көгерер!» ұранымен ұйымдастырылған батагөйлер байқауы өз мәресіне жетті. Тағылымды шараны «Ауыл» партиясы ұйымдастырып, облыс орталығындағы Қарттар үйінде өткізді.
Бұл байқаудың ерекшелігі — оның мазмұнында. Қазіргі қоғамда ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықтың әлсіреп бара жатқан тұсында, бата беру дәстүрін жаңғыртуға бағытталған сайыс көпшілік тарапынан ерекше қолдау тапты. Шараның басты мақсаты – ата-бабадан жеткен асыл мұраны дәріптеп, оны жас ұрпақтың санасына сіңіру.
Байқауға қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылған жоқ. Үміткерлер халықтық баталарды жатқа айтып қана қоймай, олардың мән-мағынасын ашатын шағын қойылымдар арқылы көрерменге жеткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар ұлттық болмысты сақтап, жастардың рухани тәрбиесіне оң әсер етеді. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және қаржылай сыйақылармен марапатталды.
Сайыста топ жарған қатысушылар енді облыс намысын республикалық кезеңде қорғайтын болады.