
Наурыз мейрамы қарсаңында аудан басшысы Аманжол Мырзабеков коммуналдық сала қызметкерлерімен кездесті. Кездесудің басты мақсаты – ауа райының қолайсыздығына қарамастан халық игілігі жолында аянбай еңбек еткен ауыл азаматтарына ризашылық білдіру.
Коммуналдық мекеме директоры Ерболат Смағұлов бастаған сала мамандарының еңбегі ерекше атап өтілді. Ақпан айында өңірде қолайсыз ауа райы қалыптасып, жаңбырлы қар жауып, көптеген электр желілері мен бағандары зақымданған болатын. Одан кейінгі аязды боран жағдайды одан әрі күрделендірді. Соған қарамастан мамандар тәулік бойы жұмыс істеп, елді мекендерді жарықпен қамтамасыз ету жолында табандылық танытты.
Аудан басшысы өз сөзінде:
«Сіздердің еңбектеріңіз ерекше. Біздің мақсат – мереке қарсаңында сіздерге қолдау көрсетіп, ризашылығымызды білдіру. Қолайсыз ауа райы кезінде сіздермен бірге болып, еңбектеріңізге куә болдық. Сол сәтте сіздер еш қиындыққа мойымай, халық үшін аянбай еңбек еттіңіздер», – деп атап өтті.
Кездесу барысында сала қызметкерлеріне алғыс білдіріліп, Наурыз мерекесі қарсаңында демеушілер арқылы қаржылай қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, оларға отбасыларымен бірге Ұлыстың ұлы күнін шаттықпен қарсы алу тілегі жеткізілді.