Қоғам

Ұлытау облысында су тасқыны кезеңіне дайындық күшейтілді

Ұлытау облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Есен Байыров баяндады. Оның айтуынша өңірдегі қазіргі гидрологиялық жағдай тұрақты болғанымен, қауіп толық сейілген жоқ.

2026 жылғы 14 қаңтарда облыс әкімінің өкімімен су тасқынының алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, нақты тапсырмалар айқындалған. Ақпан айында су тасқыны қаупі бар аумақтар жерүсті тексеруден өтсе, наурызда әуеден бақылау жүргізілді.

Қазіргі таңда өңірдегі 8 елді мекенде су басу қаупі орташа деңгейде бағаланса, 19 елді мекенде қауіп төмендетілген. Атқарылған инженерлік жұмыстар аясында 1600 метр қорғаныс бөгеттері салынды және нығайтылды, 400 метр канал тазартылды, бірқатар жол учаскелерінде су өткізу жүйелері кеңейтілді. Бұл шаралар су ағынын реттеп, елді мекендерді қорғауға бағытталған. Нәтижесінде Жезді кенті, Ақтай ықшам ауданы, Сарысу ауылы, Ұлытау ауданы мен Қаражал қаласында су басу қаупі төмендеді.

Халықты ақпараттандыру бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жалпы 33 ақпараттық материал жарияланып, 48 кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар 232 жадынама таратылып, 85 рейд өткізілді.

Облыс аумағында 25 гидротехникалық нысан бар. Негізгі өзендер – Сарысу, Жаман Сарысу, Талдысай, Қаракеңгір, Жезді және Манақа өзендеріндегі жағдай тұрақты бақылауда. Қазіргі уақытта қардың жаппай еруі байқалғанымен, су деңгейінің күрт көтерілуі тіркелмеген.

Мамандардың болжамынша, су тасқынының шарықтау кезеңі 28 наурыз бен 4 сәуір аралығында күтіледі. Осыған байланысты тәуекелі бар елді мекендер, атап айтқанда Атасу ауылы, 189-разъезд және Малшыбай ауылы ерекше бақылауға алынған. Қажет болған жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру шаралары қарастырылған.

Өңірде төтенше жағдай кезінде халықты қабылдау үшін 44 эвакуациялық пункт дайындалған. Олардың жалпы сыйымдылығы 34 мыңнан астам адамды құрайды. Сонымен қатар 3809 тонна инертті материал, 13 100 қап, 69 тонна жанар-жағармай және 8,9 тонна азық-түлік қоры жасақталған.

Жол инфрақұрылымы да бақылауда. Облыстағы 2,7 мың шақырым автожолдың 23 учаскесі су тасқыны қаупі бар аймақ ретінде белгіленген. Барлық көпірлер мен су өткізу құрылғылары тазартылып, жұмысқа дайын.

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Су басу қаупі туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласып, биік жерге шығу, электр мен газды өшіру, балаларды алдымен қауіпсіз жерге шығару қажет.

Сонымен қатар мамандар көктем мезгілінде жұқа мұздың қауіпті екенін ескертеді. Мұз үстіне шығу өмірге қауіп төндіреді, сондықтан қауіпсіздік талаптарын сақтамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Қазіргі таңда өңірдегі жағдай тұрақты бақылауда. Барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Back to top button