Қоғам

Үйіңіздегі газ қауіпсіз бе?

Тұрмыстық газ — әр үйде бар, бірақ оның қауіпін әркім біле бермейді. Ұлытау облысы Өңірлік Коммуникациялар Қызметінде өткен брифингте Жезқазған қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Дидар Құйқабаев және Жезқазған газ шаруашылығының директоры Бақтыбек Айнагулов тұрғындарға газды қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіріп, апаттың алдын алудың қарапайым жолдарын көрсетті.

Спикерлердің айтуынша, табиғи газ — күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылатын ыңғайлы әрі үнемді отын түрі. Дегенмен, оны дұрыс пайдаланбау адам өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ айналасындағыларға үлкен қауіп төндіруі мүмкін.

Бүгінде Ұлытау облысы бойынша бірқатар елді мекендер мен тұрғын аудандар газдандырылған. Атап айтқанда, Талапкент, Бөгенбай батыр (Пристанционный), Қабанбай батыр (Экспедиция), Бекболатсай (Рыбачий), Қостангелді (Комбинацкий) шағын аудандары, 91 — 94 орамдар, Батыс тұрғын ауданы және Кеңгір ауылы орталық газбен қамтылған. Қазіргі таңда орталық газбен жабдықтауға қосылған тұтынушылар саны 1960 үйді құрайды.

Мамандар газды пайдалану кезінде ең алдымен бөлмені желдету, мұржа мен желдету арналарының тартылуын тексеру, сондай-ақ газ құрылғысын қосу тәртібін сақтау қажет екенін еске салды. Сонымен қатар, газ құрылғыларын қараусыз қалдыруға, бөлмені жылыту үшін газ плитасын пайдалануға, жанғыш заттарды газ жабдығының маңында сақтауға және балаларды газ құрылғыларына жақындатуға болмайтыны айтылды.

Брифинг барысында газ иісі шыққан жағдайда атқарылуы тиіс негізгі әрекеттер де түсіндірілді. Мұндай жағдайда:

— газ құрылғыларын дереу өшіру;
— крандарды жабу;
— электр құрылғыларын қоспау және өшірмеу;
— терезелер мен есіктерді ашып, бөлмені желдету;
— адамдарды қауіпті аймақтан шығару;
— шұғыл түрде 104 нөміріне немесе 8 (7212) 25-46-49 телефонына хабарласу қажет.

Сондай-ақ, спикерлер үй ішіндегі газ жабдықтарының техникалық жай-күйіне тұрғын үй иесінің өзі жауапты екенін атап өтті. Осыған байланысты тұрғындар газ тұтыну жүйелеріне уақтылы техникалық қызмет көрсетіп, арнайы аттестатталған ұйымдармен шарт жасасуы тиіс. Мамандардың айтуынша, газ жабдықтарын өз бетінше орнатуға, жөндеуге немесе газдың ағуын ашық отпен тексеруге қатаң тыйым салынады. Ақау немесе күмәнді белгі байқалған жағдайда дереу мамандар көмегіне жүгіну қажет.

Брифинг соңында тұрғындарға қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау – өз өмірі мен жақындарының амандығын қамтамасыз етудің маңызды кепілі екені ескертілді.

Back to top button