
Жезқазғанда төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары күшейтілуде
Жезқазған қаласында төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Соның бір дәлелі – жуырда орын алған өрт оқиғасы мен халық арасында ұйымдастырылған түсіндіру шаралары.

Қаланың өнеркәсіптік аймағында дизель отынын тасымалдаған бензовозда өрт шығып, жағдайдың ушығу қаупі туындады. Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ құтқарушылары жақын маңдағы гараждан 4 оттегі баллонын дер кезінде алып шығып, ықтимал жарылыстың алдын алды. Объект қызметкерлері құтқарушылар келгенге дейін өздігінен эвакуацияланған. Өрт толықтай сөндіріліп, зардап шеккендер тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда.
Осыған орай, өңірде тұрмыстық қауіпсіздік мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Жезқазған қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Д.Н. Куйкабаев «Қазақгазаймақ» Жезқазған газ шаруашылығының директоры Б.Н. Айнағұловпен бірлесіп, тұрғындарға арналған брифинг өткізді. Онда тұрмыстық газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі айтылды.

Мамандардың айтуынша, газ – күнделікті өмірде кеңінен қолданылатын болғанымен, дұрыс пайдаланылмаған жағдайда аса қауіпті. Сондықтан баллондардың техникалық жағдайын үнемі тексеріп, оларды тек тік күйде және жақсы желдетілетін жерде орналастыру қажет. Сондай-ақ, газ баллондарын күн сәулесінің астында немесе жылу көздерінің жанында қалдыруға болмайды және газ плитасынан белгілі бір қашықтықта ұстау талап етіледі.

Бұдан бөлек, қауіпсіздік тақырыбы жастар арасында да кеңінен насихатталуда. Осы мақсатта ЖГК колледжінде Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері студенттермен арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында өрт қауіпсіздігі мен судағы қауіпсіздік ережелері жан-жақты түсіндірілді.

Студенттерге электр құралдарын дұрыс пайдалану, ашық отты абайлап қолдану және төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету жолдары айтылды. Сонымен қатар, су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтау, тек рұқсат етілген жерлерде шомылу, мас күйде суға түспеу және балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігі ескертілді.