Заң және тәртіп

Ұлытауда 500 млн теңге қолды болды

Ұлытау облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Өңірде 2025 жылы мұндай қылмыстар саны күрт өсіп, 121-ден 313 дерекке жеткен. Яғни, өсім 179%-ды құрап отыр. Соның салдарынан тұрғындарға 500 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Осыған байланысты облыс прокуратурасы интернет-алаяқтыққа қарсы кешенді алдын алу шараларын қолға алды. Негізгі басымдық – құқық қорғау органдары, мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар және бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту. Басты мақсат – тұрғындардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттырып, алаяқтықтың кең таралған тәсілдері туралы дер кезінде ақпарат беру.

Профилактикалық жұмыстар аясында халықпен және еңбек ұжымдарымен кездесулерге ерекше мән берілуде. Соның ішінде ірі кәсіпорындарда түсіндіру шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қызметкерлерімен жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Осы бағыттағы кезекті кездесу Қ.И. Сәтбаев атындағы «Жезқазған тау-кен өндірісі» құю-механикалық зауытында өтті. Іс-шара барысында қызметкерлерге интернет-алаяқтықтың кең таралған схемалары жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілі ретінде таныстырып хабарласу, күмәнді сілтемелер жіберу, жалған несие рәсімдеу, сондай-ақ «оңай табыс» уәде ететін жалған инвестициялық ұсыныстар туралы айтылды.

Сондай-ақ мамандар азаматтарға жеке деректерді қорғау ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Атап айтқанда, банк картасының мәліметтерін, SMS-кодтарды және құпия сөздерді бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды жүктемеу керектігі түсіндірілді. Күмәнді қаржылық операциялар анықталған жағдайда дереу банкке немесе құқық қорғау органдарына жүгіну қажеттігі айтылды.

Кездесу барысында алаяқтардың психологиялық қысым көрсету тәсілдеріне де назар аударылды. Олар көбіне азаматтарды асықтырып, қорқытып немесе жалған ақпарат арқылы қысым жасап, жедел шешім қабылдауға итермелейді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы тоқсанында жағдай тұрақталып, интернет-алаяқтық деректері өткен жылдың осы кезеңімен бірдей деңгейде – 41 факт болып тіркелді.

Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және интернет-алаяқтық деңгейін төмендетуге бағытталмақ.

Back to top button