Заң және тәртіп

Ұлытау облысында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары күшейтілді

Ұлытау облысы прокуратурасының өзіндік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметі тарапынан құқықтық мәдениетті арттыру, қызметкерлер арасында тәртіптік және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, сондай-ақ «Заң және тәртіп» идеологемасын кеңінен насихаттау мақсатында маңызды профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар бұл бастама ұжымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға, шығармашылық белсенділікті арттыруға және Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының Әдеп кодексі талаптарын жетілдіруге бағытталды.

Осы мақсатта облыс прокуратурасының қызметкерлері арасында «Заң мен тәртіпті өзіңнен баста» тақырыбында үздік профилактикалық бейнеролик байқауы өткізілді. Байқау құқық қорғау саласындағы қызметкерлердің тек кәсіби міндеттерін ғана емес, сонымен қатар қоғамда заң үстемдігін насихаттаудағы жеке жауапкершілігін айқындауға мүмкіндік беретін ерекше форматтағы ішкі іс-шара ретінде ұйымдастырылды.

Аталған байқаудың негізгі идеясы – заңдылық пен тәртіпті сақтау әрбір қызметкердің өзінен басталуы тиіс екенін көрсету, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу мәдениетін қалыптастыруға үлес қосу болып табылады. Бейнероликтер арқылы қатысушылар өз тәжірибелерін, көзқарастарын және құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған ұсыныстарын шығармашылық түрде жеткізді.

Байқауға Ұлытау облысы прокуратурасының барлық басқармалары, сондай-ақ қала және аудан прокуратуралары белсенді түрде қатысты. Қатысушылар алдын ала дайындық жүргізіп, сценарий әзірлеп, кәсіби және әлеуметтік маңызы бар мәселелерді қамтитын мазмұнды бейнематериалдар ұсынды. Әрбір жұмыс құқықтық мәдениетті насихаттауға, қызметтік әдепті сақтауға және қоғамдағы заңға құрметті арттыруға бағытталды.

Бейнероликтерді бағалау барысында олардың мазмұны, идеяның өзектілігі, шығармашылық тәсіл, көркемдік деңгейі, техникалық сапасы және профилактикалық әсері ескерілді. Қазылар алқасы ұсынылған жұмыстардың әрқайсысына жан-жақты талдау жүргізіп, үздіктерді анықтады.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей анықталды. III орынды Қаражал қаласының прокуратурасы иеленсе, II орын Сәтбаев қаласының прокуратурасына бұйырды. Ал I орынды Жаңаарқа ауданының прокуратурасы жеңіп алды. Қатысушылар өз жұмыстарында заңдылықты сақтау, қызметтік тәртіпті нығайту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы маңызды ойларды кеңінен көрсете білді.

Сонымен қатар байқау нәтижесінде Сәтбаев қаласы прокуратурасының бейнеролигі «Үздік профилактикалық бейнеролик» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Бұл жұмыс өзінің мазмұндылығы, шығармашылық шешімі және қоғамға бағытталған профилактикалық мәні жағынан жоғары бағаланды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ішкі шығармашылық байқаулар прокуратура органдары қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін арттырып қана қоймай, ұжымдық рухты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және құқықтық мәдениетті жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді. Сонымен қатар бұл бастама «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамда кеңінен орнықтыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Алдағы уақытта да Ұлытау облысы прокуратурасында осындай профилактикалық және тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, қызметкерлердің құқықтық мәдениетін арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға басымдық берілетін болады.

Back to top button