Білім

Мектеп бітіргендерге жаңа талап: ресторан да, кортеж де болмайды

Ұлытау облысында 2025-2026 оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Осы күні өңірдегі барлық мектептерде «Білімім — Отаныма!» атты республикалық бірыңғай сынып сағаты өтеді. Бұл туралы облыстық білім басқармасы мәлімдеді.

Сынып сағаттарының негізгі мақсаты — оқушыларды патриотизмге, бірлікке және заң мен тәртіп қағидаттарын сақтауға тәрбиелеу. Сонымен қатар балаларға жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелері, киберқауіпсіздік, экологиялық мәдениет, бос уақытты тиімді өткізу және рухани құндылықтар туралы түсіндіріледі. Оқушылар мектептегі ерекше сәттерін әлеуметтік желілерде #Балалық_белестері, #Мектебім_жүрегімде, #Балалықтан_болашаққа хештегтері арқылы жариялай алады.

Биыл өңірде 41 671 оқушы білім алуда. Оның ішінде: 9-сыныпты — 3 746 оқушы, 11-сыныпты — 1 910 түлек аяқтайды. 9-сынып түлектерінің қорытынды емтихандары 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтсе, 11-сынып оқушылары мемлекеттік емтиханды 2-15 маусым аралығында тапсырады. Биыл 98 түлек «Алтын белгіге», ал 156 оқушы үздік аттестатқа үміткер. Аттестат табыстау рәсімі 17–18 маусым күндеріне жоспарланған.

Білім басқармасы түлектер кешіне қатысты талаптардың қатаң сақталатынын ескертті. Салтанатты шаралар тек мектеп аумағында өткізілуі тиіс. Ресторанда кеш ұйымдастыруға, көлік шеруіне, ақша жинауға, мұғалімдерге сыйлық беруге және аниматор жалдауға тыйым салынған. Сондай-ақ мектеп формасына сай келмейтін қымбат әрі ерекше киім үлгілеріне де жол берілмейді.

Жазғы демалыс кезінде өңірдегі 39 749 оқушының 35 679-ы түрлі лагерьлермен және үйірмелермен қамтылады. Оның ішінде:

* 5 115 бала — мектеп жанындағы сауықтыру лагерлерінде,
* 30 055 оқушы — бейіндік лагерьлерде,
* 13 643 бала — еңбекпен қамту бағытында,
* 10 191 оқушы — «Жасыл ел» жобасында демалады.

Сонымен қатар шығармашылық, туристік, зияткерлік бағыттағы жобалар мен «BalaLAND» күндізгі лагерьлері жұмыс істейді. Әлеуметтік санаттағы 470 бала өзге өңірлердегі лагерьлерге жіберілсе, ірі кәсіпорындардың қолдауымен тағы 1 500 бала тегін демалады. Өңірде 400 орындық заманауи лагерь салу жоспарланып отыр. Жоба Жезқазған қаласында жүзеге аспақ.

Жазғы кезеңде балалар қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметі мен полиция қызметкерлері су айдындары маңындағы рейдтік жұмыстарды күшейтеді.

Back to top button