Жезқазғанда «Үкілі қобыз» сыйлығы табысталды

Жезқазған қаласында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай мәдениет саласы өкілдеріне арналған салтанатты кеш ұйымдастырылып, дәстүрлі «Үкілі қобыз» сыйлығының иелері марапатталды. Мерекелік шараға сала қызметкерлері, ардагерлер, шығармашылық ұжымдар мен қала тұрғындары қатысты.
Кеш барысында Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов мәдениет пен өнер саласының мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, олардың өңірдің рухани дамуына қосып жүрген еңбегін ерекше атап өтті. Салтанатты жиында мәдениет саласының үздік қызметкерлеріне Ұлытау облысы мен Жезқазған қаласы әкімдерінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен сала ардагерлеріне арнайы құрмет көрсетілді.
Биыл алғаш рет «Өнер биігінде» арнайы сыйлығы тағайындалып, ол Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Бұлғақбаевқа берілді. Кештің негізгі бөлігі — дәстүрлі «Үкілі қобыз» сыйлығын табыстау рәсімі болды. Биыл байқау 9 номинация бойынша өтіп, жеңімпаздарға арнайы диплом, «Үкілі қобыз» мүсіншесі және 500 мың теңге көлеміндегі сертификаттар табысталды. Атап айтқанда, «Жылдың үздік кітапханашысы», «Жылдың музей қызметкері», «Үздік дәстүрлі әнші», «Үздік қаламгер», «Креативті маман», «Жыл әртісі» және өзге де номинациялар бойынша сала үздіктері анықталды.
Ал кештің басты марапаты — «Мәдениет және өнер саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» бас жүлдесі танымал әнші әрі ұстаз Ардақ Мұқышевке бұйырды. Жеңімпазға арнайы диплом, «Үкілі қобыз» сыйлығы және 1 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, елордалық өнерпаздар мен жергілікті шығармашылық ұжымдар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.