Руханият саласының үздіктері марапатталды

Бүгін Ұлытау облысында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік жиынға Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков арнайы қатысып, мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде мәдениет майталмандарының өңірдің рухани дамуына қосып жүрген сүбелі үлесін ерекше атап өтіп, ел көлемінде туған жердің абыройын асқақтатып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
Сонымен қатар, облыс әкімі мәдениет саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
– «Серке Қожамқұлов театры және Халықтар достығы мен мәдениеті үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жаңа Конгресс орталығын салу жұмыстары қолға алынды. Мәдениет және өнер ошақтарын кәсіби мамандармен толықтыру мақсатында елімізге танымал өнер иелерін тарту мәселесі тұрақты бақылауда. Мәдениет саласын қаржыландыру көлемі жылдан жылға артып келеді. 2023 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 23 пайызға өсті», – деді өңір басшысы.
Іс-шара барысында сала ардагерлері мен қызметкерлері «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Еңбек ардагері» және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, Ұлытау облысының Құрмет грамоталары және облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Бұдан бөлек, 13 номинация бойынша үздік деп танылған мәдениет және өнер саласының өкілдеріне облыс әкімінің арнайы сыйақысы ретінде 1 миллион теңгеден сертификаттар берілді.
Мерекелік кеш эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты.