Денсаулық

Ұлытау облысында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды

Бүгін Кеңгір ауылында қайтарылған активтер қаражаты есебінен салынған жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді. Медициналық нысанның ашылу салтанатына Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен облыс прокуроры Жасұлан Еламанов қатысты.

Жаңа денсаулық сақтау нысаны тәулігіне 20-дан астам тұрғынға қызмет көрсетуге қауқарлы. Сонымен қатар мұнда күндізгі стационар жұмыс істеп, 10-ға жуық ем түрі көрсетіледі. Кеңгірліктер үшін заманауи талаптарға сай медициналық көмек алуға барлық жағдай жасалған.

Салтанатты шара барысында өңір басшысы облыста қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік маңызы бар нысандардың кезең-кезеңімен салынып, халық игілігіне беріліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ жүйелі жұмыстардың жүзеге асуына қолдау көрсеткен ҚР Бас прокуратурасы мен облыс прокуратурасына ризашылығын білдірді.

«Облыс құрылған уақыттан бері 26 жаңа нысан ашылды. Екі медициналық мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі таңда тағы бес нысанда жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар облыстық аурухана жанынан 100 орындық жаңа корпус салу арқылы бөлімшені кеңейту жоспарланып отыр», – деді өңір басшысы.

Айта кетейік, Ұлытау облысында қайтарылған активтер қаражаты есебінен денсаулық сақтау және білім беру салаларында бірқатар нысан бой көтерген және биыл кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Back to top button