
Жезқазғанда жасөспірмдерге арналған жаңа мүмкіндіктер алаңы — «Шабыт» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы есігін айқара ашты. Жаңа мекеме қала балалары үшін заманауи білім мен өнер үйірмелерін ұсынып отыр. Көпшілікті толғандырған «қалай тіркелеміз?», «ақылы ма?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Қала тұрғындарының «Zhez.life» паблигіне жолдаған сауалдарына орай, орталық әкімшілігімен байланысқа шығып, маңызды ақпаратты жинақтадық.
Баланы қалай жаздыруға болады?
Орталыққа тіркелу процесі қазіргі талаптарға сай жеңілдетілген. Ата-аналардың таңдауы бойынша екі жол бар:
- Онлайн: «E-daryn» платформасы арқылы тіркелу.
- Жеке бару: Егер онлайн платформада қиындықтар туындаса, Сейфуллин көшесі, 55/1 мекенжайындағы ғимаратқа барып, арнайы тіркеу тізіміне жазылуға болады.
Қажетті құжаттар:
- Баланың туу туралы куәлігінің көшірмісі;
- №27/У нысанындағы медициналық анықтама.
Маңызды: Орталыққа 4 пен 15 жас аралығындағы балалар қабылданады.
Оқу ақылы ма?
Көпшілікті алаңдататын қаржылық мәселеге қатысты айтарымыз: «Шабыт» орталығындағы барлық үйірме — толығымен тегін. Сондай-ақ, оқу құралдары мен арнайы форма үшін ата-аналардан қосымша ақы талап етілмейді.
Қай жерде орналасқан?
Әзірге орталықтың орналасқан жері картада (2GIS) толық бекітіле қоймаған. Сондықтан, тұрғындарға бағдар ретінде Самсунг және Инфекциялық аурухана (91-орам) бағыты көрсетілген. Қазіргі таңда орталық күндізгі уақытта жұмыс істейді.
Қандай үйірмелер бар?
«Шабыт» — тек шығармашылық емес, сонымен қатар заманауи техникалық дағдыларды дамытуға арналған орталық.
- Өнер бағыты: Қыш құмыра жасау, арт-студия, хореография, фотостудия, музыкалық аспаптар студиясы және графикалық дизайн.
- Ғылыми-техникалық: Робототехника, информатика, математика, физика, химия және биология.
- Даму: Ерте дамыту орталығы, шахмат және жекпе-жек залы.
Байланыс
Сұрақтарыңыз болса немесе қосымша ақпарат алғыңыз келсе, орталық өкілдеріне хабарласуыңызға болады:
- Әлия Нұрғалиевна: 8 771 283 42 92
- Еркеназ Берікқызы (хатшы): 8 708 239 56 58
«Шабыт» орталығы – балалардың бос уақытын тиімді әрі сапалы өткізуіне арналған тамаша бастама. Егер сіз балаңызды жаңа дағдыларға баулығыңыз келсе, осы мүмкіндікті жіберіп алмаңыз!