Ұлытау облысы архивтерінде 550 мыңнан астам құжат сақтаулы

Ұлытау облысында архив қорларын сақтау және тарихи құжаттарды цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде өңірде бір облыстық архив, облысқа қарасты жеке құрам бойынша бір филиал, екі қалалық және екі аудандық архив жұмыс істейді.
Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, облыстағы бес мемлекеттік архивте 1296 қор жинақталған. Онда жалпы саны 554 908 сақтау бірлігі бар. Бұл өңірдің тарихи және құжаттық мұрасының ауқымын көрсетеді. Биылғы жылдың бес айында мемлекеттік сақтауға 3088 сақтау бірлігі қабылданды. Сонымен қатар архив мекемелері арқылы тұрғындарға 12 403 мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Архив ісіндегі маңызды бағыттардың бірі – құжаттарды цифрландыру. Есепті кезеңде 12 417 құжат пен 1 109 667 парақ цифрлық форматқа көшірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға артқан. Өңірде ономастика саласында да жұмыстар жалғасуда. 2024-2025 жылдары Ұлытау облысында 16 көшенің атауы өзгертілді. Оның басым бөлігі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлердің есімдерін ұлықтау мақсатында жүзеге асырылған.
Ал биылғы жылы өңірде 15 көшеге атау беру және қайта атау жұмыстары жоспарланып отыр. Сонымен қатар 26 маусымда «Ономастикалық комиссиялардың жұмысы: тиімді тәжірибелер мен проблемалар» тақырыбында республикалық семинар өткізу көзделген. Бұдан бөлек, «Қазақ тілі: ғылым және креативті индустрия» атты республикалық семинар ұйымдастыру жоспарлануда. Облыстағы мәдени-ағартушылық мекемелер де халыққа тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі таңда өңірде 52 кітапхана жұмыс істейді. Жыл басынан бері кітапханаларға 26 мыңнан астам оқырман тіркеліп, 554 мыңнан астам кітап берілімі жүзеге асырылған.
Сондай-ақ облыста төрт музей қызмет көрсетеді. Есепті кезеңде музейлерде 2 468 экскурсия, 232 дәріс және 115 көрме ұйымдастырылып, 43 мыңнан астам келуші қамтылған. Дегенмен архив саласында өзекті мәселелер де бар. Қазіргі уақытта облыстық архив қоймаларының толымдылығы 100 пайызға жетіп, жаңа құжаттарды орналастыруға орын тапшылығы байқалады. Бұл мәселені шешу алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі болып отыр. Мамандардың айтуынша, архив қорларын сақтау, цифрландыру және тарихи мұраны жүйелеу жұмыстары өңірдің мәдени-рухани құндылықтарын келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған.