Қоғам

Кеңгірдегі жағажайлар шомылу маусымына дайын ба?

Жазғы маусымның басталуымен тұрғындар су айдындарына жиі бара бастайды. Алайда демалыс пен сергектік сыйлайтын су кей жағдайда үлкен қауіптің көзіне айналуы мүмкін. Соңғы бес жылда еліміздің су айдындарында 1148 адам суға кетіп, оның 333-і бала болған. Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан орын алады.

Осыған байланысты Жезқазған қаласының құтқарушылары шомылу маусымына дайындық жұмыстарын күшейтті. Арнайы комиссия Кеңгір су қоймасы маңындағы жағажайлар мен демалыс орындарын тексеріп шықты. Тексеру барысында «Мадагаскар», «Балықшылар үйі» және «Горняк» демалыс аймақтары, сондай-ақ есу базасы қамтылды. Мамандар су түбі мен жағалау аумағын зерттеп, демалушыларға қауіп төндіруі мүмкін қоқыстар мен бөгде заттарды тазартты. Жалпы алғанда 200 шаршы метрден астам аумақ тексеріліп, қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударылды.

Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, судағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептері – азаматтардың өз күшіне шамадан тыс сенуі, тыйым салынған жерлерде шомылуы және балаларды қараусыз қалдыруы. Әсіресе жазғы демалыс кезінде ата-ананың бақылауынсыз қалған балалар қауіп-қатерге жиі тап болады. Мамандар суға мас күйінде түсуге, қайықтар мен айлақтардан секіруге, белгіленбеген орындарда жүзуге және қауіпсіздік қалқымаларынан асып кетуге қатаң тыйым салынатынын ескертеді. Сонымен қатар құтқару кеудешесінсіз су көліктерін пайдалануға болмайды.

Жағажай мәдениетін сақтау да маңызды. Демалыс орындарын ластамау, қоқыс қалдырмау, көлік жумау және жануарларды шомылдырмау – әр азаматтың міндеті. Заң талаптарына сәйкес судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес жеке тұлғаларға 7 АЕК көлемінде, ал кәсіпкерлік субъектілеріне 60 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Құтқарушылардың айтуынша, қарапайым ережелерді сақтау арқылы көптеген қайғылы жағдайдың алдын алуға болады. Өйткені су – демалыс орны ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап ететін орта.

Back to top button