Қоғам

Декларация тапсырмасаңыз не болады?

Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылы азаматтардың жекелеген санаттары 270.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыруға міндетті екенін еске салды.

Аталған декларация 2025 жылғы есепті кезең үшін ұсынылады. Декларацияны тапсырудың соңғы мерзімі – 2026 жылғы 15 қыркүйек.ь270.00 нысаны жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне қатысатын жеке тұлғалардың кірістері, мүлкі және міндеттемелері туралы мәліметтерді көрсетуге арналған. Бұған дейін 250.00 нысанында көрсетілген мүлік қайтадан декларацияланбайды. Декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары, құрылтайшылары мен қатысушылары, жеке практикамен айналысатын тұлғалар, шетелдік активтері бар азаматтар, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де санаттағы тұлғалар тапсырады.

Құжатта Қазақстаннан тыс жерлерде алынған табыстар, шетелдік банктердегі шоттар, шетелдегі жылжымайтын мүлік, бағалы қағаздар мен компаниялардағы үлестер, мүліктік табыстың жекелеген түрлері және заңнамада белгіленген жағдайлардағы міндеттемелер туралы мәліметтер көрсетіледі. Сонымен қатар декларацияда жалақы, зейнетақы төлемдері, банк депозиттері бойынша кірістер және салық агенті салықты ұстап қалған табыстар көрсетілмейді. Қазақстан аумағында тіркелген мүлікті де енгізу талап етілмейді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптары қолданылатын тұлғалар үшін 270.05 қосымшасын толтыру маңызды. Онда Қазақстанда және шетелде сатып алынған, сатылған немесе өтеусіз алынған мүлік туралы ақпарат беріледі. Мемлекеттік кірістер органдары қазіргі уақытта камералдық бақылауды күшейтіп отыр. Әсіресе азаматтардың кірістері мен шығыстарының сәйкестігіне, ірі сатып алуларға, шетелдік активтерге, банктік аударымдарға және қаражаттың шығу көздеріне ерекше назар аударылуда.

Декларацияны eGov.kz порталы, e-Salyq Azamat мобильдік қосымшасы, Салық төлеушінің кабинеті, екінші деңгейлі банктердің мобильдік сервистері және eGov Mobile арқылы тапсыруға болады. Мамандар техникалық ақаулар мен соңғы күндердегі жүктемені болдырмау үшін декларацияны алдын ала тапсыруға кеңес береді. Декларацияны уақытылы ұсынбаған азаматтарға Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.

Back to top button