Қоғам

Жезқазғанда шомылуға рұқсат етілген 4 орын ғана бар

Жезқазған қаласында шомылу маусымына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қала тұрғындары мен қонақтарына тек ресми түрде рұқсат етілген жағажайларда ғана суға түсуге кеңес берілді.

Қазіргі таңда Жезқазған аумағында шомылуға рұқсат етілген төрт орын бар. Олар – байдарка мен каноэде есу бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жағажайы, «Мадагаскар», «Горняк» және «Балықшы үйі» демалыс аймақтары. Аталған орындарда құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылып, қауіпсіздік талаптарына сәйкес жабдықталған.

Шомылу маусымы басталар алдында Төтенше жағдайлар басқармасы, жедел-құтқару жасағы және жергілікті атқарушы органдар су айдындарының түбіне тексеру жүргізіп, бұл аумақтардың демалушылар үшін қауіпсіз екенін растаған. Сонымен қатар Кеңгір су қоймасында апта сайын рейдтер ұйымдастырылып, қауіпсіздік талаптарын бұзғандар анықталуда. Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері күн сайын халық көп жиналатын орындарды патрульдеп, демалушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Мамандардың мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы бері Жезқазған қаласында суда адам өлімі тіркелмеген. Қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Қаладағы LED-экрандарда арнайы бейнероликтер көрсетіліп, су айдындарының маңына ақпараттық баннерлер орнатылған. Демалыс орындарындағы кәсіпкерлерге де жадынамалар таратылған.

Төтенше жағдайлар басқармасы қауіпсіздік белгілерін бүлдіру жағдайлары алаңдаушылық туғызатынын атап өтті. Ескерту белгілерін бояу, сындыру немесе алып кету басқа адамдардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Ведомство азаматтарға жабдықталмаған жерлерде шомылмауға, мас күйінде суға түспеуге, балаларды қараусыз қалдырмауға және судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес, судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға – 7 АЕК, лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 60 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Төтенше жағдай орын алған жағдайда 101 немесе 112 бірыңғай шұғыл қызмет нөмірлеріне хабарласу қажет.

Back to top button