Ұлытау облысында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу кешені салынуда
Ұлытау облысында экологиялық ахуалды жақсартуға және қалдықтарды тиімді басқару жүйесін дамытуға бағытталған маңызды инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жоба Жезқазған және Сәтбаев қалаларының аралығында қолға алынған.
Жоба аясында тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салу, сондай-ақ қағаз, пластик және резеңке-техникалық бұйымдар қалдықтарын қайта өңдейтін өндірістік цехты іске қосу көзделген.
Жобаны жүзеге асыратын жеке инвестор – «DD-jol» ЖШС. Инвесторға жалпы ауданы 16,1819 гектар жер телімі бөлініп, су пайдалану мен электрмен жабдықтауға қажетті техникалық шарттар берілген.
Кешен пайдалануға берілгеннен кейін жылына 50 мың тоннаға дейін тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік туады. Бұл өңірдегі қалдықтарды басқару жүйесінің тиімділігін арттырып, қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені азайтуға және қайталама шикізатты өндіріске қайта тартуға ықпал етеді.
Нысанның құрылысын 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.