Қазақстанда халықтың табысы өсе бастады

Қазақстанда халықтың нақты табысы артып, жұмыспен қамту көрсеткіші өсіп келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша халықтың нақты табысы 0,1%-ға өсті. Сонымен қатар экономикадағы жалпы жұмыспен қамтылғандар саны 9,4 млн адамға жетті. Бұл көрсеткіштерге жылдық инфляция қарқынының баяулауы оң әсер етіп, маусым айында инфляция деңгейі 10,3%-ға дейін төмендеген.
Мемлекет басшысының азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында жаңа өндірістер ашуға және жоғары өнімді жұмыс орындарын құруға бағытталған халықтың табысын арттырудың кешенді жоспары жүзеге асырылып жатыр.
Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономикадағы жұмыспен қамту тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті.
«Экономикада жұмыспен қамтылу өсуді жалғастырып, 9,4 млн адамды құрады. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша шағын және орта кәсіпкерлікте тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны 4,5 млн адамға жетті. Жұмыспен қамтуға және жалпы экономикалық белсенділікке айтарлықтай теріс әсер байқалмайды», – деді министр.
Мамандардың айтуынша, инфляцияның баяулауы мен еңбек нарығындағы тұрақтылық халықтың әл-ауқатын жақсартуға және экономиканың орнықты дамуына оң ықпал етуде.