13 млн теңгеден астам заңсыз табыс мемлекет кірісіне тәркіленді

Ұлытау облысында заңсыз қаржы айналымына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Іс аясында Сәтбаев және Қызылорда қалаларының тұрғындары бөтен адамның банк шотын заңсыз пайдаланып, қылмыстық жолмен алынған қаражатты аударуға қатысқаны үшін жауапқа тартылды.
Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, тергеу барысында Сәтбаев қаласының тұрғыны Қызылорда қаласының тұрғынын заңсыз әрекетке тартып, оның Kaspi Bank мобильді қосымшасына рұқсатсыз қол жеткізгені анықталған. Кейін осы шот арқылы вейп өнімдерін заңсыз сатудан түскен қаражат аударылып отырған. Нәтижесінде күдіктілер қылмыстық жолмен 13 миллион теңгеден астам табыс тапқан.
Сәтбаев қалалық сотының үкімімен екі айыпталушы да кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысына 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, 200 сағат қоғамдық жұмысқа тарту міндеттелді.
Сонымен қатар, қылмыстық жолмен алынған 13 миллион теңгеден астам қаражат мемлекет кірісіне тәркіленді.