Қоғам

Облыста 18 дала өрті дер кезінде сөндірілген

Ұлытау облысында 6 сәуірден бері өрт қаупі жоғары кезең жалғасуда. «Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, өңірде табиғи өрт шығу қаупі әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Осыған байланысты жауапты қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп, тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақыруда.

Өрт қаупі жоғары маусым басталғалы облыс аумағында жалпы көлемі 1 мың 137 гектарды қамтыған 18 дала өрті тіркелді. Барлық өрт ошақтары Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар және өзге де қызметтердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында уақытылы оқшауланып, толықтай сөндірілді. Соның нәтижесінде өрттің елді мекендерге және инфрақұрылым нысандарына таралуына жол берілген жоқ. Зардап шеккендер жоқ.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, табиғи өрттердің алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Құтқарушылар тұрғындармен түсіндіру кездесулерін өткізіп, табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызын еске салуда. Сонымен қатар қоқыс пен құрғақ шөпті өртеу сияқты өрт қаупін арттыратын әрекеттер үшін заңмен жауапкершілік қарастырылғаны ескертілуде.

Өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық аясында орман алқаптарының маңында жалынның таралуына жол бермейтін арнайы минералдандырылған қорғаныс жолақтары жасалды. Мамандардың айтуынша, табиғи өрттердің басым бөлігі адам салғырттығынан туындайды. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтап, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Back to top button