Спорт

«INTER» академиясының жаттықтырушысы ұлытаулық жас футболшыларға шеберлік сабағын өткізді

Жезқазған қаласындағы «Металлург» стадионында өңірдің жас футболшыларына арналған шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Іс-шараны «INTER» футбол академиясының Грузиядағы базасында қызмет ететін тәжірибелі жаттықтырушы Гела Какулия өткізді.

Шеберлік сабағы барысында жас спортшыларға қазіргі футболдың заманауи талаптары, халықаралық деңгейдегі ойыншыларды даярлау әдістері және кәсіби жаттығу жүйесінің ерекшеліктері таныстырылды. Ұлытау облысында спорт саласын, оның ішінде балалар футболын дамыту бағытында қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде өңірде мұндай тәжірибелік кездесулер жиілеп келеді.

26 жылдық жаттықтырушылық тәжірибесі бар Гела Какулия Қазақстанға бұған дейін де бірнеше мәрте келгенін айтты. Оның сөзінше, бүгінде Орталық Азияда футбол қарқынды дамып келеді және Ұлытау облысының жас футболшыларының қабілеті жоғары бағалауға лайық.

Шеберлік сабағына өңірдегі «Ұлытау» және «Спортинг» футбол мектептерінің тәрбиеленушілері қатысып, тәжірибелі маманнан тың білім мен кәсіби кеңестер алды. Жас спортшылар мұндай кездесулердің өз шеберліктерін шыңдауға үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.

Іс-шара соңында Гела Какулияға спорт саласының мамандары Алғыс хат табыстап, қазақтың ұлттық дәстүріне сай шапан жапты. Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталған осындай шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Back to top button