20 млн теңгелік жанармайдың ұрлығы әшкереленді

Ұлытау облысында «Қазақмыс» компаниясының дизель отынын ұрлап, заңсыз сатқан қылмыстық схема әшкереленді. Жедел-тергеу шаралары барысында 10 тоннадан астам дизель отыны тәркіленді. Оның жалпы құны 20 млн теңгеден асады.
Облыстың Экономикалық тергеу департаменті мен «Қазақмыс» компаниясының Экономикалық қауіпсіздік департаменті бірлесіп жүргізген жұмыс нәтижесінде мұнай өнімдерін жымқыруға бағытталған жүйелі арналар анықталған.
Тергеу мәліметінше, күдіктілердің қатарында «Қазақмыстың» «Tranco Express» еншілес компаниясының қызметкерлері болған. Олар компания балансындағы дизель отынын ұрлап, жалған тауар-тасымалдау құжаттарын пайдаланып, үшінші тұлғаларға жоғары бағамен сатқан. Осылайша мемлекеттік кірістер органдарында есепке тіркелмей, заңсыз табыс тапқан.
Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 233-1-бабы бойынша сараланды. Іс сотқа жолданып, күдіктілер Жезқазған қаласы сотының үкімдерімен бас бостандығынан шектелді.
Сонымен қатар, ұрланған мұнай өнімдерін заңсыз сақтауға және тасымалдауға пайдаланылған автокөліктер мен ыдыстар мемлекет пайдасына тәркіленді. Сот үкімдері заңды күшіне енді.
Құзырлы органдардың мәліметінше, «Қазақмыс» компаниясымен бірлескен жұмыс өңірдегі көлеңкелі экономикаға қарсы күресті күшейтуге бағытталған.