Білім

Биыл Ұлытау облысында 4 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш аттады

Бүгін, 1 қыркүйек – Білім күні. Ұлытау облысында жаңа 2026–2027 оқу жылы басталып, мыңдаған оқушы мектеп табалдырығын аттады. Биыл өңірде 4 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектепке барды.

Қазіргі таңда Ұлытау облысында 86 мектеп жұмыс істейді. Оның 85-і – мемлекеттік, 1-еуі – жекеменшік білім беру ұйымы. Бұл мектептерде жалпы 41 671 оқушы білім алады.

Жаңа оқу жылында білім беру мазмұны да заман талабына сай жаңаруда. Оқушылардың тек академиялық білімін арттырумен қатар, олардың құқықтық сауатын көтеру, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге ерекше мән берілмек.

Атап айтқанда, 5–7 сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері», ал 8–11 сыныптарға «Заң және тәртіп» міндетті курстары енгізілді. Сонымен қатар 5–11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» бағыты күшейтіледі.

Жаңа курстардың негізгі мақсаты – жас ұрпаққа заңды құрметтеуді үйрету, өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіру және түрлі жағдайларда қауіпсіздік талаптарын сақтауға баулу.

Білім беру жүйесіндегі бұл бағыттар «Адал азамат» құндылығын қалыптастырумен де сабақтас. Өйткені саналы ұрпақ – өз құқығын білетін ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінетін, туған жерін қадірлейтін азамат.

Осы ретте мектептерде оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да басымдық берілуде. Бұл бағыт «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасымен үндеседі. Таза қоршаған орта, көрікті ауыл, қоғамдық тәртіп пен туған жерге жанашырлық – баршаға ортақ құндылық.

Баланың табиғатты қорғауға, қоғамдық ортаға ұқыпты қарауға және туған жерін аялауға деген көзқарасы ең алдымен отбасында қалыптасып, мектепте одан әрі нығаяды. Сондықтан өскелең ұрпақтың бойына жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерін сіңіру – бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Әлеуметтік нысандарды жаңарту, ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту және балаларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Жаңа оқу жылы – жаңа мақсаттар мен жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Ұлытаудың мыңдаған оқушысы үшін бұл жыл сапалы білім алып, жаңа жетістіктерге ұмтылатын маңызды кезең болмақ.

Барша оқушы мен ұстазды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймыз! Оқу жылы сәттілікке, ізденіске және жарқын жетістіктерге толы болсын!

Back to top button