Ұлытау облысында мәдениет нысандары жаңғыртылуда

Ұлытау облысында ауыл тұрғындары үшін заманауи мәдени және шығармашылық орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте мәдениет үйлерін жаңғыртып, тұрғындардың шығармашылықпен айналысуына қолайлы жағдай жасауға басымдық беріліп отыр.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «QH Мәдени даму алаңы» жобасы аясында Жаңаарқа және Қарсақбай кенттеріндегі мәдениет үйлері жаңартылуда.
Жоба шеңберінде мәдениет нысандары заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, шығармашылық, өнер, коворкинг және демалысқа арналған жаңа кеңістіктер құрылады. Осылайша ауыл тұрғындары мен балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, түрлі өнер бағыттарын меңгеруіне мүмкіндік кеңейеді.
Жаңаарқа мәдениет үйінде 15 заманауи кеңістік жабдықталады. Олардың қатарында хореография, театр, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер студиялары, керамика, ВИА, дыбыс жазу және медиа студиялары, коворкинг және басқа да шығармашылық алаңдар бар. Жобаның жалпы құны – 215,3 млн теңге.
Ал Қарсақбай мәдениет үйінде 9 кеңістік жаңғыртылады. Мұнда 270 орындық көрермендер залы, хореография залы, кітапхана, ұлттық қолөнер, вокал, домбыра және дыбыс жазу студиялары, коворкинг пен балалар алаңы қарастырылған. Жобаның құны – 150,5 млн теңге.
Жаңғыртылған мәдениет үйлері ауыл тұрғындары үшін тек мәдени іс-шаралар өтетін орын ғана емес, шығармашылықты дамытуға, жаңа дағдыларды меңгеруге және қоғамдастықпен араласуға мүмкіндік беретін заманауи орталыққа айналмақ.