Елімізде Отбасы күніне арналған апталық басталды
Отбасы – күнделікті күйбең тіршілікте кейде назардан тыс қалып қоятын ең қымбат құндылықтардың бірі. Осыған орай Қазақстанда 7-13 қыркүйек аралығында Отбасы күніне арналған апталық өтеді.
Мерекелік апталықтың басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту, отбасымен бірге уақыт өткізудің маңызын көрсету және қоғамда саналы ата-ана болу мәдениетін қалыптастыру.
Бір апта бойы еліміздің өңірлерінде түрлі ақпараттық, танымдық және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Әр күн отбасы өміріндегі маңызды мәселелердің біріне арналады.
Бағдарламада ұрпақтар сабақтастығы, отбасын саналы түрде құру, бала денсаулығы мен қауіпсіздігі, отбасы берекесі, ата-ана мен баланың бірге уақыт өткізуі секілді тақырыптар қамтылған.
Ал әлеуметтік желі қолданушылары апталыққа #Otbasym2026 челленджі арқылы қатыса алады. «Отбасымыздың бір күні» ұранымен өтетін челленджде қазақстандықтар отбасымен бірге өткізген бір күнін, жылы сәттерін және ерекше естеліктерін бөлісе алады.
Айта кетейік, Қазақстанда Отбасы күні жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтеді. Биыл бұл күн 13 қыркүйекке сәйкес келеді.
Отбасы күні – үлкен мерекелерден бұрын күнделікті қарапайым сәттердің қадірін еске салатын ерекше күн. Бірге ішілген шай, баламен өткізген уақыт, ата-әжеге барған сәт немесе жақындарыңа айтылған жылы сөз – отбасы жылуының негізі.