Қоғам

Пойыздарда спутниктік интернет енгізу жұмыстары жалғасуда

Қазақстанда жолаушылар пойыздарын спутниктік интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алып келеді. Жоба Мемлекет басшысының цифрлық инфрақұрылымды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.

Спутниктік интернетті сынақтан өткізу жұмыстары 2025 жылы басталған. Алғашқы жобалар Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Бурабай, Астана – Семей және Алматы – Маңғышлақ бағыттарында жүзеге асырылды. Биыл жоба кең көлемде іске асыру кезеңіне өтті.

Қазіргі таңда жолаушылар көп қатынайтын бірқатар бағыттарда спутниктік интернет қолжетімді. Олардың қатарында Нұрлы жол – Алматы, Нұрлы жол – Өскемен, Нұрлы жол – Орал, Нұрлы жол – Петропавл, Алматы-2 – Өскемен, Қызылорда – Семей, Ақтөбе – Алматы-1, Маңғыстау – Ақтөбе, Орал – Маңғыстау, Ақтөбе – Қазалы, Ақтөбе – Атырау және Павлодар – Алматы бағыттары бар.

2026 жылғы 8 қыркүйектегі мәлімет бойынша, Starlink спутниктік интернеті 31 бағытта қатынайтын 59 пойыз құрамында жұмыс істеп тұр. Бұл 770-тен астам вагонды қамтиды. Қыркүйек айының соңына дейін жүйені 50 бағыттағы 124 пойыз құрамына, яғни 1 235 вагонға енгізу жоспарланған.

Жаңа технологияның басты артықшылығы – жолаушылардың сапар кезінде интернетке тұрақтырақ қол жеткізуіне мүмкіндік беруі. Енді ұзақ жолды тек терезеге қарап өткізудің қажеті жоқ: жолаушылар жақындарымен байланысып, жұмыс мәселелерін шешіп, онлайн білім алып, мемлекеттік және банктік қызметтерді пайдалана алады.

Спутниктік байланыс арқылы интернет жылдамдығы секундына 100 Мбитке дейін жетеді. Төмен орбиталы спутниктер теміржолдың шалғай учаскелерінде де байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе дәстүрлі жерүсті байланыс желілерінің қамту аймағы шектеулі аумақтар үшін маңызды.

Жолаушыларға интернетті пайдаланудың тегін базалық пакеті де қарастырылған. Оның аясында WhatsApp және Telegram мессенджерлерінде мәтіндік хабарламалар алмасуға қосымша ақы алынбайды. Ал интернетті кеңінен пайдаланғысы келетін жолаушылар үшін қосымша тарифтік пакеттер ұсынылады.

Мамандардың айтуынша, спутниктік интернеттің енгізілуі пойыздардағы цифрлық сервистерді дамытуға жаңа мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл технология жолаушыларға ұсынылатын мультимедиялық және ақпараттық қызметтердің аясын кеңейтуге негіз болмақ.

Back to top button