Жезқазғанда жаңа қонақүй кешені ашылды

Жезқазған қаласында туризм мен қызмет көрсету саласын дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жоба іске қосылды. Алашахан көшесінде бой көтерген заманауи қонақүй кешені бүгін толық пайдалануға беріліп, ресми ашылу рәсімі өтті.

Жобаны жеке кәсіпкер Олег Ярмак жүзеге асырған. Инвестиция көлемі – 1 млрд теңге. 2022-2026 жылдары іске асырылған жоба аясында 30 орындық қонақүй салынды. Мұнда стандарт, жартылай люкс және люкс санатындағы нөмірлер қарастырылған.

Кешен құрамында мейрамхана және түрлі кездесулер мен іс-шараларды өткізуге арналған конференц-зал да бар. Жаңа нысанның ашылуы 20 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Қонақүйдің іске қосылуы Жезқазғанның туристер мен қалаға іскерлік мақсатта келетін қонақтарды қабылдау мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар жаңа жоба шаһардағы туристік инфрақұрылымды дамытуға және қызмет көрсету сапасын арттыруға серпін бермек.

Өңірде мұндай инвестициялық жобалардың жүзеге асуы Ұлытаудың туристік әлеуетін одан әрі арттырып, Жезқазғанды саяхатшылар үшін тартымды бағыттардың біріне айналдыруға ықпал етеді.