Үйіңіз бен пәтеріңіз үшін салық төледіңіз бе?

Бүгін – мүлік салығын төлеудің соңғы күні. Ұлытау облысында 54 мыңнан астам тұрғынның 2025 жылға есептелген мүлік салығы бар. Өңір бойынша бюджетке түсуі тиіс жалпы сома шамамен 39 млн теңгені құрайды. Мүлік салығы дегенде тек үй немесе пәтерді ғана түсінбеу керек. Салық салу нысандарына тұрғын үйлер, саяжай құрылыстары, гараждар, тұрақ орындары және заңнамада көрсетілген өзге де жылжымайтын мүлік жатады. Яғни меншігіңізде осындай нысандардың бірі болса, салық есептелуі мүмкін.
Ең маңыздысы – салық сомасын өзіңіз есептеп әуре болмайсыз. Оны мемлекеттік кірістер органдары тиісті мемлекеттік органдардың мәліметтері негізінде есептейді. Азаматтың мүлікке қанша уақыт иелік еткені, нысанның құны және салықтық жеңілдікке құқығы болса, ол да есепке алынады. Ал өзіңізге қанша салық есептелгенін білу үшін үйден шығудың қажеті жоқ. Ақпаратты e-Salyq Azamat қосымшасынан, eGov порталынан, Мемлекеттік кірістер комитетінің электрондық сервистерінен немесе банктердің мобильді қосымшаларынан тексеруге болады. Төлемді де сол жерден онлайн жасауға мүмкіндік бар.
Айта кетерлігі, азаматтардың жекелеген санаттарына мүлік және жер салығы бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Егер жеңілдікке құқығыңыз бола тұра, есептелген сомадан ол көрінбесе, мемлекеттік кірістер органына хабарласып, мәліметтерді нақтылауға болады. Әсіресе былтыр жылжымайтын мүлік сатып алған немесе сатқан тұрғындарға салық есептеуін тексеріп алған жөн. Өйткені мүлікке иелік ету кезеңі өзгерсе, есептелетін салық сомасы да соған сәйкес есептеледі.
Ескеріңіз: 1 қазан – төлемнің соңғы күні. 2 қазаннан бастап өтелмеген салық берешек болып есептеліп, әрбір кешіктірілген күнге өсімпұл есептеледі. Сондықтан меншігіңізде үй, пәтер, гараж немесе басқа да жылжымайтын мүлік болса, бүгін салық сомасын бір тексеріп, төлемді уақытында жасаған жөн.