Жезқазғанның батыс ауданында газ тарту жұмыстары басталды

Жезқазған қаласының Батыс ауданында тұрғындар көптен күткен газ тарту жұмыстары басталды. Бұған дейін тұрғындармен кездесуде көтерілген мәселе енді нақты іске ұласып, құрылыс жұмыстары қолға алынды.
Қала әкімі Мұрат Бөрібаев газ тартылатын аумақты аралап, мердігер ұйым өкілдерімен және «QazaqGaz Aimaq» АҚ өкілімен кездесіп, жұмыстың барысын талқылады.
Қазіргі уақытта мердігер ұйым құрылысқа кіріскен. Сонымен қатар тұрғындар да үйлерін газға қосуға дайындықты бастап, қажетті техникалық шарттарды алу үшін өтініш беріп жатыр.
Газ желісінің тартылуы аудан тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп, үйлерді жылытуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл — тұрғындар көтерген мәселені шешу бағытындағы нақты қадам.
Ендігі кезекте құрылыс жұмыстарының белгіленген талаптарға сай жүргізіліп, тұрғындардың табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болуы маңызды.