Заң және тәртіп

Ұлытау облысында жыл басынан бері балалардың терезеден құлауына қатысты 6 оқиға тіркелді

Ұлытау облысында балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу мақсатында «Қауіпсіз терезе» акциясы жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері өңірде осындай 6 оқиға тіркелген. Оның екеуі Жезқазғанда, төртеуі Сәтбаевта болған. Өкінішке қарай, бір жағдай өліммен аяқталған.

2025 жылы облыста балалардың терезеден құлауына қатысты 15 оқиға тіркеліп, екі бала көз жұмған. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында айтылды.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған акция аясында әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасылар тұратын көпқабатты үйлерге демеушілердің қолдауымен 468 терезе бекіткіші орнатылған. Бұл құрылғылар терезенің балалар үшін қауіпті деңгейде ашылуына жол бермеуге көмектеседі.

Профилактикалық жұмыс барысында 397 нысанда рейд жүргізіліп, 9 252 адам қамтылған. Тұрғындарға 8 870 ақпараттық материал таратылып, жарықдиодты экрандарда қауіпсіздікке қатысты 256 бейнеролик көрсетілген. Бұқаралық ақпарат құралдарында 290 мақала жарияланған.

Сонымен қатар тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру үшін түрлі ақпараттық жобалар жүзеге асырылуда. Балабақшалар мен мектеп жанындағы лагерьлерде балаларға түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Полиция қызметкерлері де үй-үйді аралау кезінде ата-аналарға терезеден құлау қаупі мен балаларды қараусыз қалдырмаудың маңызын ескертеді.

Осы бағытта қазақ және орыс тілдерінде қауіпсіздік тақырыбына арналған 10 анимациялық бейнеролик әзірленіп, халық арасында 20 мың ақпараттық жадынама таратуға дайындалған. Сондай-ақ «Coffeex» және «Ozinshe» кофеханаларымен бірлесіп, қауіпсіздік ережелері мен қосымша ақпаратқа апаратын QR-кодтар орналастырылған арнайы стақандар шығарылған.

Бұдан бөлек, жасанды интеллект технологиясының көмегімен ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақыратын профилактикалық бейнеролик әзірленді. Онда терезеге қорғаныш құрылғыларын орнату және балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігі түсіндіріледі. Бейнеролик әлеуметтік желілер мен өзге де ақпараттық алаңдарда жарияланады.

Мамандар ата-аналарға терезені ашық қалдырмауға, балалардың терезе алдына шығуына мүмкіндік бермеуге және арнайы қорғаныш бекіткіштерін орнатуға кеңес береді. Қарапайым сақтық шаралары қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.

Back to top button