Сәтбаевта «Night Open Air» форматында жастар акциясы өтті

Сәтбаев қаласындағы Кеншілер алаңында «Ашық алаң — 2026: Taza Qadam» ақпараттық-түсіндіру акциясы ұйымдастырылды. «Night Open Air» форматында өткен кешке қала тұрғындары қатысып, танымдық ойындар мен викториналарда бақ сынады.
Шара барысында қатысушылар Қазақстан тарихы, құқықтық сауаттылық және ұлттық дәстүрлерге қатысты сұрақтарға жауап берді. Интерактивті ойындар арқылы тұрғындар білімдерін тексеріп қана қоймай, өзара пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Кештің көркін жастардың заманауи ән орындаулары аша түсті. Белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталып, жиналғандарға тағамдар мен ыстық шай ұсынылды.
Акцияны Ұлытау облысының Дін істері басқармасы ұйымдастырды. Басты мақсат — ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу, жастардың құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін арттыру.
Сонымен қатар, мұндай ашық форматтағы кездесулер арқылы діни экстремизм мен терроризм идеологиясының қауіптілігі түсіндіріліп, тұрғындардың ақпараттық сауаттылығын арттыру көзделген.